Сазгер Әсет Көпбайұлы Бейсеуов жайлы сайт
Тараудың санаты
Мои статьи [17]
Сайтқа кіру
Іздеу
Біздің сауалнама
Оцените мой сайт
Всего ответов: 4
Сайттың достары
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Статистикалық мәлі

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0
    Воскресенье, 05.19.2024, 6:42 PM
    Главная » Статьи » Мои статьи

    Әншілер Әсет жайлы сыр шертеді

          Республика сарайында 13 қазан күнi Әсет Бейсеуовтiң 75 жылдығына орай «Әсеттiң әсем әндерi-ай» атты ән кешi өткелi отыр. Соңынан мол мұра, асыл қазына қалдырып кеткен Әсет Бейсеуов қазақ өнерiне өлшеусiз үлес қосты. Әсет Бейсеуовтiң әндерi деп аталатын өзiнiң мектебiн қалыптастырып кеттi. Бүгiнде қандай ән кешi болсын, мерекелi думанның көркiн, сөз жоқ, Әсеттiң әнi ашады. Әсет Бейсеуовтiң әндерiн орындаған талай таланттың бағы жанып, өнердегi тұсауы сәтiмен кесiлiп жатты. Оның әндерiнiң өмiршеңдiгi ең алдымен, халықтық нақышта болғандығында, айтылатын ой, мазмұны бәрi айшықталып, кестеленiп түсе қалатынында.

    Есiмi елдiң есiнде мәңгiге қалған Әсет Бейсеуовтiң iнжу-маржан, бай мұрасымен халықты қауыштыруды мақсат еткен жезтаңдай әншi, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Сұлушаш Нұрмағамбетова бұл жолы да үлкен сауапты iстi қолға алып, кештiң өтуiне ұйытқы болуда.

    Әсет Бейсеуовтiң көзiн көрiп, әндерiн орындап жүрген өнердегi iзбасарлары да бүгiн тебiренiске, сағынышқа толы естелiктерiн ортаға салып отыр.

    Нұрғали НҮСIПЖАНОВ,

    Қазақстанның халық әртiсi:

    – Әсет Бейсеуовтiң көп әндерiнiң орындаушысы болдым. Әндерiнiң денi менiң көз алдымда дүниеге келдi. Екеумiздiң шығарма­шылық шеберханамызда пiсiп-жетiлдi десе де болады. Ақындар әннiң сөзiн жазса, бiз сол мәтiндегi негiзгi айтылар ой мен оның мазмұнының қабысып, дыбыстың жоғары төмен келетiн тұстарын екеулеп дайындай­тынбыз.

    Сосын маған «әнiң ендi дайын болды» деп ұсынатын. Осындай сәттерде Әсеттiң көңiлi көте­рiлiп, аузын ашса жүрегi емес, бүкiл iшкi ағзасы көрiнетiндей күйге түсетiн. Әдемi ән дүниеге келсе, көңiлденiп кететiн. Әндi өзiмнiң ғана туындым деп емес, бүкiл қазақ айтып жүретiн ән болсын деп жазған кiсiлердiң бiрi едi ғой. Маған кейде қалжыңдап, «Менiң әндерiмнiң әкесi өзiңсiң» дейтiн, сонда мен «шешесiн тауып берсеңiзшi» деп қалжыңдайтынмын.

    «Әндерiмнiң шешесi Зейнеп Қойшыбаева ғой» деп күлетiн. Әсеттiң әндерiнiң денiн орындаған Зейнеп те дүниеден ерте озды. Көзi тiрi болғанда 75-ке келетiн едi. Бiз бiр жылдың төлдерiмiз ғой. Әлi есiмде, Әсет атақты №12 қазақ орта мектебiнде оқып жүрген кезiнде алғашқы әнi «Алмалы Алматымды» жазыпты. Өзi ол кезде 9-сыныпта оқиды. Сол әнi байқауға қатысып, бас жүлденi алған едi. Кейiннен консерваторияға оқуға құжат тапсырды. Оқуға түсудiң талабы бойынша, бiр әнi мiндеттi түрде жарыққа шыққан болуы керек  екен. Осы ән Әсеттiң өнердегi ең алғашқы төлбасы, тұңғыш перзентi болды. Нағыз кемелiне келiп, аты шығып, танымал болған шағында елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне шығармашылық сапарларға шығатын. Әрбiр өңiрге барған сайын табиғатын, қаланың келбетiн, еңбек адамдарын мадақтайтын әндер дүниеге келушi едi.

    Осындай сапарларға кейде менсiз бара қалса, келген соң мiндеттi түрде маған шығармашылық есеп беретiн. Әсет «Армандастар» әнi үшiн комсомол сыйлығына ие болса, «Маралдым», «Жамбылда туған жұлдызым», «Талдықорған әнiм», «Аққу қыздар» әндерiнiң шығуына да осындай жол сапарлар арқау болған едi. Мәселен, елiмiздiң шығысына барғанда «Өскемен әнiм менiң», «Семейiм менiң, Семейiм» әндерi дүниеге келдi.

    Әсеттiң әнi барда оның есiмi халқымен бiрге жасай бередi. Әндерi Әсеттi ешқашан ұмыттырмайды. Өзiнiң сүйiктi Алматысына арнап Әсет 10 ән жазса, бiрде-бiр композитор мұндай рекорд жасаған емес. Күннен-күнге құлпыра түскен Алматы Әсеттiң бiр кездегi аңсаған арманы сияқты болып тұрады.

    Кенжебек ОМАРБЕКОВ,

    Әсет Бейсеуовтiң ауылдасы:

    – Әсет екеумiз ең алғаш 1963 жылы танысқан едiк. Екеумiз Қарғалыдағы мектепте оқыдық. Ол менен әжептәуiп ересек жiгiт болатын. Бiрде аялдамада көлiк күтiп тұр едiм. Бiр жiгiт келiп менiмен бiрге тұрды. Аудан орталығы Ұзынағашта пионерлердiң бiр жиыны өтетiн болып сонда бардық. Сол кезде әлгi жiгiттiң Әсет Бейсеуов екенiн бiлдiм. Таныстығымыз осылай бастал­ған едi.

    Бiр кездерi әрбiр облыстың көр­кем­өнерпаздарынан құрылған ансам­бль­дерi болатын. Жамбыл ауданында да Бекболат деген кiсi өнерлi жастардың басын қосып, «Құлансаз» ансамблiн құрды. Ол әлi күнге дейiн бар. Сол ансамблге Әсет Бейсеуовтiң көп еңбегi сiңдi. Кейiн мен де түрлi жауапты жұмыстарда жүрген кездерiмде Әсет хабарласып, ақылдасып отыратын. Өмiрден өтерiнен бiр ай бұрын бiздi үйiне қонаққа шақырды.

     

    Ол кiсiнiң үйi Гоголь көшесiнiң бойында едi. Жеңгемiз екеуi бiраз кiсiнiң басын қосып, өте жақсы күтiп алды. «Сендерге бiраздан берi шәй бере алмай жүр едiк» деп өзi ерекше көңiлдi жүрдi. Арада бiраз күн өткенде таңертеңгi сағат 7-де Әсекең хабар­ласып, «Жеңгеңнен айрылып қалдым» деп қатты қайғырады. Жақын тартқаны ғой. Содан бәрiмiз көмектесiп, жеңге­мiздi арулап шығарып салғанымыз бар. Әсет Бейсеуовтiң өзi де содан көп ұзамады.

    Жасымыз алшақтау болғанымен, жақсы араластық. Бүгiнде Әсет Бейсеуовтiң көзi кеткен соң өзi де ұмыт бола бастағандай. Сұлушаш Нұрма­ғамбетова келiп, Әсет ағаның кешiн өткiзгелi жатырмыз дегенде, шыны керек, қуанып қалдым. «Белгiлеген уақытың ыңғайсыздау екен. Әйтпесе дүрiлдетiп атап өтуге болар едi», – дедiм. Осылай белгiле­нiп, шешiлiп қойды. Ендi оны өзгертуге болмайды» дедi Сұлушаш. Әсет – қазақтың Әсетi. Сондықтан, елi тұрғанда еске алу кешi де өз биiгiнде өтедi деп ойлаймын.

    Бүгiнде Қарғалыдағы орта мек­тепке Әсеттiң аты берiлсе, Фабрич­ныйда да мектеп пен көшеге есiмi берiлген. Ауылдағы туыстары Әсетке құран бағыштап, ас бергелi жатыр.

    Майра IЛИЯСОВА,

    Қазақстанның Еңбек сiңiрген әртiсi:

     

    – Бiрде Әсет аға «Майра, осы ән сенiң даусыңа келедi» деп Серiк Тұрғым­бековтiң сөзiне жазылған «Семейiм менiң, Семейiм» деген әнiн ұсынды. Арада бiраз уақыт өткенде «Сен осы Ақсуаттың қызы емеспiсiң» деп «Ақсуаттың арулары» деген әнiн ұсынды. Сол екi әндi дайындап, сах­наға шығарамын ғой деп жүргенiмде Әсет ағамыз сүйiктi жарынан айрылып қалды.

    Жеңгейдiң қырқы өтiсiмен Әсет ағамыздан да айрылып қалған едiк. Композиторлар бiр төбе де, Әсет ағамыз бiр төбе. Әсем әндердi де жан дүниесi әсем жандар ғана жазады ғой деймiн. Бiздiң Әсет ағамыз баладай аңғал, ақкөңiл, сенгiш кiсi болатын. Әсiресе, әдемi қыз-келiншектердi жақсы көрушi едi. Бiр күнi Бибажар Махамбетова екеумiз Әсет ағаның үйiне жаңа ән үйренуге бардық. Әсет аға бiздi аңқылдап, сол әдетiмен қарсы алды. Содан ол кiсi Бибажарды ұнатып қалыпты. Үйдегi жеңгемiзге бiлдiрмей Бибажарға хабарласып қояды екен.

    Үлкен кiсi болған соң Бибажар да көңiлiн қимай, телефон соқса сөйлесе салады. Ақыры бiр күнi Бибажар даусын өзгертiп «Бибажар үйде жоқ, кетiп қалды» десе, Әсет аға «Бибажар үйде тұр­майды екен» деп телефон тұтқасын қоя салыпты. Сонда Бибажардың даусын танымағаны ғой. Кейiн бiраз уақытқа дейiн күлiп есiмiзге алып жүрдiк. Қазiр ән кештерiнiң барлы­ғында Әсет ағаның әндерi орындалып жатады. Әрбiр шаңырақтың төрiнде ол кiсiнiң әнi шалқып, өзi болмаса да көзiндей асыл мұралары – әндерi шырқалып жатқанда Әсет Бейсеуовтiң есiмiнiң мәңгiлiк екенiне көз жеткiзе­мiз. Ортамызда өзi жоқ болғанымен, рухы­ның, әнiнiң барын дәтке қуат етемiз.

    Осындай асыл ағаның «Семейiм менiң, Семейiм», «Шақырады көктем», «Арман­дастар» сияқты әндерi менiң репертуа­рымда үнемi орындалып отырады. Көзi тiрiсiнде Заманбек Нұрқадiлов Әсет ағаның бiрнеше ән кешiн өткiзiп едi. Ендi, мiне, жезтаңдай әншi қызымыз Сұлушаш Нұрмағам­бетова аруақ алдында үлкен сауапты iс жасап, Әсет ағаны әнiмен халқына қауыш­тырғалы жатыр. Әсет аға тура­лы естелiктi бiр кеш емес, өмiр бойы айтуға болады. Сондықтан, әлi де естелiктер айтыла бередi, айтыла бередi.

    Мақпал ЖҮНIСОВА,

    Қазақстанның Халық әртiсi:

    – Бiр күнi Әсет аға маған өзiнiң бiр әнiн алып келдi. Бұл менiң ең алғаш домбырамен ән айта бастаған кезiм, яғни, 1985 жыл едi. Ол әннiң аты «Дүниеде менi сүйген бiр адам бар» деп аталады. Кейiннен ол кiсiнiң «Әке туралы», «Дүниенiң қызығын-ай», «Қыз ғұмыр», «Сен қайда жүрсiң?» деген әндерiн орындадым.

    Әсет ағаның «Өмiрдiң көбi кетiп, азы қалды» деген әнi «Азия дауысы» конкурсында бас жүлденi жеңiп алған, шоқтығы биiк туындыларының бiрi болды. Ол кiсiнiң ерекше қасиетi – аңқылдаған ақкөңiлдiлiгi едi. Өзiнiң ұлылығына қарамай, өте қарапайым-тын. Кейде менi жатақханаға iздеп келiп, «жеңгең тамақ жасап, лағман созып қояды, келiп қайтарсың» дей­тiн. Сосын ақ дастарханды жайып тастап, үстiне астың түр-түрiн тол­тырып қоятын. «Мақантай, Мақантай» деп менi өте жақсы көретiн.

    «Менiң әндерiмдi қуыршақ сияқты киiндiрiп қойыпсың ғой. Кейде, тiптi, осы әндердi жазған мен бе, менiң әндерiм бе деп танымай қаламын» деп мәз болатын. Кейiн Зәкең екеумiз отасқан соң да араласып тұрдық. Бiр күнi Әсет аға хабарласып, «Мақантай, Заманбек екеулерiң бiздiкiне келсең­дершi. Бiр кеңiнен отырайықшы», – дедi. Фариза апамыз бар, бәрiмiз өте көңiлдi отырдық. Көңiлдi отырыс болды. Ол кiсiлер маған қайта-қайта ән айтқызды.

    Зәкең де Әсет ағаны өте құрмет­тейтiн. Әлi есiмде, Әсет аға Компо­зиторлар одағынан шығып қалып, содан Зәкең тиiстi жерлерге хабар­ласып жүрiп, қайта қабылдатқан да кездер болған. Қарапайымдылығы ғой, қағаз ғой деп аса мән бермей жүре берiптi. Шәмшi аға мен Әсет ағаның құжаттарын тиiстi орын­дарға жөнелтiп, оларға Қазақстанның Халық әртiсi атағын алып берген де Зәкең едi. Сондағы қуаныштың жөнi тiптi бөлек болды. Әсет ағаның үйiндегi жеңгей қайтқанда да бiрге жөнелтiсiп, басы-қасында жүрдiк.

    Араға 40 күн салып Әсет ағаны да жеңгемiздiң соңынан шығарып салған едiк. Бұл қазақ өнерi үшiн өте орны толмас қаза болды. Зәкең қайтарының алдында түнгi сағат 23.40-та менi өзiнiң бөлмесiне шақырып алып, «Жануля, Әсеттiң «Өмiрдiң көбi кетiп, азы қалды» деген әнiн айтшы» дедi. Мен әндi орындап болып, Зәкеңе қарасам, көзiне жас алып отыр екен. Сосын орнынан тұрып, басымнан иiскедi. «Неге осы әндi орындамай кеттiң?» дедi. Мен «қойшы, ауыр ән ғой» дегенiмде, «ауыр әндердi де ара-арасында орындап отыру керек. Әйтпесе, өмiр жеңiл болып кетедi» дегенi бар.

     

    Рая ЕСКЕНДIР

    Алматы Ақшамы 09.2013

    http://almaty-akshamy.kz/?p=13754 сайтынан алынды

    Категория: Мои статьи | Добавил: Nagimah (02.22.2015)
    Просмотров: 1155 | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    avatar

    Copyright MyCorp © 2024Бесплатный конструктор сайтов - uCoz